Басты жаңалықтарЖастар

Жастардың бастамалары қолдау табады

Форум

«Ақтөбе — мүмкіндіктер мекені» атты форумда дарынды жастардың ұсыныстары аясында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар талқыланып, меморандумға қол қойылды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жастар сарайында өткен шараға «Asar Ume» қорының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев, білім саласының тұрақты даму қорының басшысы Данияр Тоқтарбаев, Қазақстандағы алғашқы инклюзивті фитнес-орталықтың негізін қалаушы Динара Наумова, «Next Gen Aktobe» ІТ-Community қауымдастығының негізін қалаушы Ислам Изенғазиев, т.б. танымал жастар қатысты.
Форумды ашқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов алдағы уақытта өңірімізде креативті салаларды дамытуға көңіл бөлінетінін, бұл бағытта дарынды, бастамашыл жастардың ұсыныс-пікірлері ескерілетінін атап өтті.

— Бүгінде облыста 14 пен 28 жас аралығындағы 170 мыңнан астам адам тұрады. Облыс халқының 20 пайызы — жастар. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазіргі заманда ел жастарының білім алуға құштар болу керектігін, себебі болашақ цифрлық технологиялар мен инновацияларда екенін, ол үшін жастар бәсекеге қабілетті болуы қажет екенін айтты. Осы тұрғыда біз де облыстағы жастардың бастамаларын қолдайтын боламыз, сондай-ақ олардың алдағы уақытта жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеміз, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Бүгінде елімізде жан-жақты дамып келе жатқан креативті индустрияның негізгі бағыттарының бірі — IT саласы. Соңғы жылдары бұл салада ақтөбеліктер көптеген жетістікке қол жеткізіп келеді. Мысалы, жерлесіміз Ермек Серікбай елімізде алғаш болып
адам тәріздес робот ойлап тапса, Айболат Құлатай отыздан астам мобильді қосымша әзірлеген. Бұл екі дарынды жас — бүгінде еліміздегі технологиялық компаниялардың негізін салушылардың қатарында.
Осы жастардың еңбегін көпшілікке мысал еткен облыс әкімі алдағы уақытта
Шығармашылық академиясында технопарк құрылатынын, оған өңірдегі бастамашыл жастарды жұмылдыру керектігін жеткізді. Сондай-ақ облыс басшысы Өнер орталығының базасында креативті орталық өз жұмысын бастайтынын айтты.
— Бұған дейінгі кездесуде жас педагогтердің бірі облысымызда виртуалды мұражай ашу туралы ұсынысын айтты. Біз бұл ұсынысты қолдаймыз. Жалпы, мұражай тек күндіз ғана емес, түнде де жұмыс жасауға тиіс. Бұл жастарға керек, себебі кешқұрым жастар мейрамхана-кафеден бөлек, мұражайға да барып, дүниетанымын кеңейтулері керек. Бір жағынан бұл жоба облыстағы туризм саласын дамытуға да үлкен серпін береді, — деді облыс әкімі.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, виртуалды мұражайды ашу келер жылы қолға алынбақ. Бұл жобаны жүзеге асыруға 2023 жылы бюджеттен қаржы бөлінеді.
Әрі қарай форумда «Asar Ume» қорының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев қайырымдылық шараларын ұйымдастырудағы өз тәжірибесімен бөлісіп, соңғы үш жыл ішінде аталған қор еліміз бойынша 440 отбасына қолдау көрсетіп, олардың баспаналы болуына қол ұшын созғанын атап өтті. Оның айтуынша, қайырымдылық қорының арқасында бүгінде 2700-ден астам бала бүгінде өз үйінде бақытты өмір сүріп жатыр.

— «Аsar Joly» республикалық қайырымдылық марафоны аясында біз биыл еліміздің барлық өңірін аралап шықтық. Олардың қатарында Ақтөбе облысы да бар. Ақтөбе өзге өңірлер арасында осы марафон аясында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде бірнеше отбасы баспаналы болып, ондаған адам жаңа кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Біздің басты міндетіміз — мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтып қана қоймай, оларға жан-жақты қолдау көрсету, жаңа мүмкіндіктер көзін ашу, өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға жол көрсету, қол ұшын беру. Сондай-ақ халықты қайырымдылыққа шақыру, бір-бірімізге демеу болуға, жанашырлыққа үндеу, — деді Асхат Нұрмашев.
Бұдан кейін форумда облыс әкімінің бастамасымен өңірде цифрлық технопарк құру мақсатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен «Next Gen Aktobe» IT қауымдастығы арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ жастар саясатын дамыту бағытында әртүрлі ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
Форум барысында облыс әкімі ауылдық жерлерде жастарды жұмыспен қамту мәселесіне де тоқталды. Мәселен, келер жылдан бастап ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін өңірімізде «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынбақ. Бұл жоба ауыл жастарын жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың жеке кәсіп ашуына, табыстарын арттыруына, ауылдардан көшпей, өз туған жерінде қалып, абыройлы еңбек етуіне зор серпін бермек. Жаңа жоба туралы кеңінен әңгімелеген облыс басшысы форумға жиналған жастарды ауыл-аймақтың дамуына атсалысуға шақырды.
Жиынды қорытындылаған Ералы Тоғжанов форумға қатысқан жастарға
зор алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
— Бүгінгі форумды өткізуіміздің басты мақсаты — елімізде, өңірімізде түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген жастардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, оны жүзеге асырудың жолдарын бірлесе іздеу. Егер біз сіздердің, жастардың, бастамаларын қолдайтын болсақ, болашақтарыңыз жарқын, алдағы жоспарларыңыз айқын болады. Еліміздің келешегі сіздердің қолдарыңызда, сондықтан оның өркендеп-өсуі үшін сіздер Отанға қалтқысыз қызмет етіп, жаңа мүмкіндіктерді қалт жібермей, ерекше жобаларды жүзеге асыруларыңыз керек. Мен сіздердің бұл тұрғыда зор жетістікке жететіндеріңізге сенемін, — деді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button